Шәкәрім   Құдайбердіұлы (1858-1931)

 

Өткен ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың бас кезінде шығармашылық дәуірді бастан кешірген Ш.Құдйбердіұлының ақындық мұрасы бай, нәрлі, әрі құнарлы. 1931 жылдың 2 қазанында нақақтан жала жабылып, әлдебір зұлымның, сұмның қолынан асыл адам қаза тапты. Талай аумалы-төкпелі заман өткен соң 1958 жылы ССРО Прокуратурасы ақын есімін толық ақтады. Бірақ ақынның есімін, мұрасын елге қайтару оңайға түспеді, бұл саяси ақтау емес деп қыңырлық көрсеткендер көп болды.

1966-1969 жылы Әдебиет және өнер институты үш жыл бойы Шәкәрім шығармаларын зерттеп, үлкен ғылыми кеңесте мәжіліс болып, пікір алысты. Мәжіліс бастығы С.Мұқанов, сөйлегендер С.Кеңесбаев, М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, Ж.Молдағалиев, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаевтар болды. Мәжіліс шешімі ҚКП Орталық комитетінің хатшысына табыс етілді, бұл хат жауапсыз қалды.

1985 жылы 14 мамырда Д.Қонаев атына үлкен хат жазылып, ол да жауапсыз қалды. Араға аз уақыт салып Қаз КП Орталық комитетінің бюросында "Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде" мәселе қаралып, құптау хабары жарияланды. ( «Социолистік Қазақстан», 1988 ж. 14 сәуір)

Кеңес дәуірінде Шәкәрім шығармаларына тиым салудың басты себебі - оның Алашордаға қатысуы, оның Семей басшылығына мүше болуы еді. 1918 жылы бір алаш азаматы большевик үкімет әскері қолынан қаза болады. Шәкәрімнің сол азаматты жерлеу кезіндегі сөзі оған күнә ретінде тағылып келді. Болған оқиға жайында "Сарыарқа" газетінің 1918 жылдың 18 наурызында анық айтылған: "Тұңғыш құрбан". Қабірге қойып, құран оқылғаннан кейін, Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі: "Әлеумет! Бұл - ұлт үшін шыбын жанын құрбан қылған алаш азаматтарының тұңғышы, мұны өлді демеңдер! Жиылған әлеумет еңіреп жылап жіберді" - деп жазды.(Міржақып, Жүсіпбек, Райымжан, Бейімбет сөйлеп, өлең оқыған, қайтыс болған Қази Нұрмұхаммедов 22 жасар жігіт, семинария шәкірті).

Осы жай және 1931 жылы банданы қуған болып, Шәкәрімді кеңес милициясы адамдарының тау арасында атып өлтіруі - ақынның кейінгі тағдырын қаралы етіп, есіміне күйе болып жағылды. Екі ғасыр тоғысында өмір сүрген, қазақтың қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өміріне белсене араласып, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық, идеяларды уағыздаған, мол көркем мұра қалдырған Ш.Құдайбердиев. Ол - әрі ақын, әрі прозаик, әрі аудармашы, философ, тарихшы, біршама журналистикаға да араласты. Шәкәрім әдеби өмірге құлшына араласып, ұлт әдебиетінде Шоқан, Абай, Ыбырай сияұты үш алып орнықтырған арна-дәстүрді өнімді жалғастырушы бола алды.

Оның шығармаларының дені төңкеріске дейін жазылып, бірнеше кітаптары жарық көрді: "Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі", «Мұсылмандық шарты", 1911ж. Орынборда басылды. "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңілік-Кебек" поэмалары 1912ж. Семейде басылды. Осы жылдары Шәкәрім "Айқап" журналы мен "Қазақ" газетінде бірнеше мақалалар жариялады. "Біздің мұқтаждарымыз" (Айқап 1912ж.), "Жазу мәселесі", "Барша қырғыз білімділеріне ашық хат" (Қазақ).

Ақынның кеңес дәуірінде "Абай" журналында (1918 - 3-4), "Шолпан" журналында (1922-1923жж. 2-8) және 1935 ж. С.Сейфуллин алғысөзімен Алматыда өлең кітабы шықты.

1959 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бір топ өлеңдері шықты. 1978 жылы Ленинградта шығатын "Ақын кітапханасы" сериясының "Қазақстан ақындары" жинағында орысша аудармасы басылды. Ал толық ақталғаннан кейін 1988 жылы шығармалары жарық көрді.

Шәкәрімнәң өз басы да, шығармашылығы да қазақ әдебиеті тарихындағы айтарлықтай көрініс. Ғажайып поэзиясынан ләззат алған адам, оның ойланып, толғануы көп, уайым, қайғы басқан, жалғыздық жапасын мол тартқан жан екеніне көз жеткізеді. Әсіресе бұл сыр лирикалық өлеңдерінде айқын көрінеді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі шым-шытырық әлеуметтік оқиғалар Шәкәрімді шар тарап ойларға шомылдырған. Негізінде дүниені рационалистік (ұтымды, тиімді) жолмен тануға ұмтылған, әлемдік мәдениеттен хабары мол ақын өзі өскен ортаның кем-кетігін жіті көрген. 1917 жылы революцияны жылы қарсы алып, бостандық туралы біраз өлеңдер жазды. Бірді-екілі өлеңін алашқа, оның көсемдеріне арнайды, олар жөнінде жақсы пікір айтады; қазақ халқының тәуелсіздігі, болашағы, оның жеке ұлттық мемлекет болуына байланысты деген ойға тоқырайды.

Ақын көптеген өлеңдер, поэмалар, мысалдар, нақыл сөздер, әңгімелер жазған. Қайшылық, кемшіліктері бола тұрса да, ақын өлеңдері жаңа лебімен, ақылды, сазды үнімен, ойлылығымен, сұлулығымен баурайды, тартады.

Ақын шығармашылығының жайын, сырын, өзіндік ұғымын білу үшін, ол көркем әдебиетке қалай қарады, қандай баға берді, қалай түсінді дегенге назар аударған дұрыс. Шәкәрім әдебиетке мүлде басқаша, айрықша ұғыммен қарап, оған жаңа тілек, жаңа міндет жүктеген. Әдебиетте ақын ағартушылық құрал ретінде пайдалануды көздейді. Көркем сөз арқылы халықты  мәдениетке, өнер-білімге тартуды ойлайды.

             Абай, Ыбырай дәстүрін одан әрі жалғастырып:

                      Білгенімді жазушы ем,

                      Бекем буып белімді.

                      Мінін айтып қазушы ем,

                      Түзетпек боп елімді, - дейді ақын.

Өз елінің мініп айтқанда да, оны ілгері шақырғанда да сол қауымды түзету, өрге бастыру ниетін көздейді. Ескіліктің, надандықтың өзі білетін кертартпа жақтарын сынау арқылы ғана елді түзетуге болады деп ойлайды. Ақынның өскен, өмір сүрген ортасын ескере келіп, оның ақындық талантын қоғамдық прогреске, қауым мүддесіне арнауын үлкен жеңіс деп қарауымыз қажет.

                      Мен жетелеп өлемін,

                      Өрге қарай қазақты.

                      Өлсем де  ойын бөлемін,

                      Сөзбен салып азапты, - дейді ақын.

Қазақтың көзін ашып, көңілін оятуды ақын азаматтық борышым деп таниды, халыққа сөзіммен ой саламын, маза бермеймін. Оны өрге қарай сүйреймін деуі - қажыр, қайрат белгісі. Ол өз тұсындағы қоғамдық өмірдің бірсыпыра шындығын орынды көре білген және оған өз қатынасын танытып отырған. Шәкрім өмір сүрген тарихи кезеңде ғасырлар бойы үстемдік етіп келген надандық пен қараңғылық қазақ қоғамында өзінің кертартпалық сипатын өте-өте айқын аңғартқан еді. Қоғамдық өмірдің осы сипатты ерекшеліктері ақын назарынан тыс қалмайды;

                       Япыр-ау, бұл не деген наданшылық,

                       Осынша жайлар бар ма жаманшылық.

                       Есі шығып елірген бәрі де мас,

                       Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық, - деп күйінеді ақын. Сыншыл ақын ел  ішінде билікке таласып, партия құруды қоғам өміріндегі ауыр салмақ, зиянды құбылыс деп есептейді.

                      Қайдағы қу алдампаз төрге шықты...

                      Осы күнде арамның жолдасы мол,

                      Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол,

Ел ішіндегі атқамінерлерге арнаған бұл сөздері сол кездің шындығын бірсыдырғы дәл, анық танытады.

Ақынның осы тақырыптағы өлеңдерінен аңғарылатын бір жай - автор ел билеушілердің сұрқиялық іс-әрекеттерін сынағанды өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты бұрынғы "батагөй", "әділ билерді", "жақсыларды" арман етпейді, ол заман өткен, өзі көріп отырған шындықтың бетін ашады, оларға деген өзінің наразы көңілін білдіреді, әділдікті, адамгершілікті аңсайды.

Ақын мұраларына кеңінен орын алатын адамгершілік деген ұғымға қатысты ой-пікірлері - ағартушылық көзқарастарымен үндес, сабақтас. Адамгершілік туралы ойларын өсиет, үлгі ретінде ұсынады, жамандықтан қашып, жақсылыққа ұмтылуды уағыздайды. Абай сынаған өтірік, өсек, мақтаншақты Шәкәрім де жеріне жеткізе сынайды.

                       Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

                       Анық төмен болмай ма хайуаннан.

                       Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,

                       Өлген артық дүниені былғанғаннан, - дейді.

Ақынның адамгершілік туралы көзқарасы "Өзіме" деген өлеңінде тұжырымды баяндалады.

                       Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,

                       Соны ойла, өзге қызық істі ойлама...

Ақынның адамгершілік, дұрыстық туралы ұғымына өнер-білім, еңбек және әйел теңдігі жайындағы ой-түйіндері әбден сиып жатады.

Ақынның ойшыл, философ болуынан оның ғылымға артар үміті де үлкен:

                       Үш-ақ түрлі өмір бар - бәрі де мас,

                       Бір реуішті болады шал менен жас,

                       Ең керекті дегенің ортаншы өмір,

                       Түгел қалың жетпейтін бір жанталас

                       Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын

                       Күні-түні дей көрме ғылым ізде,

                       Қалсын десең артыңда адам атың.

         Ұлы Абай "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуаттысын, жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды. Өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамының мәдени-экономикалық жағдайын ескерсек, ақынның сондай мешеу ортада отырып, жас адамға бірден-бір қажет өнер ретінде ғылымды ұсынуы - көрегендік. Ұлы ұстазының "Шәкіртсіз - ғалым тұл" деген нақылына сүйене отырып, ғылымнан қоғамдық өмірге пайдалы әсер етуін тілейді. "Насихат" деген өлеңінде:

                       Қай ғылымды білсеңіз де,

                       Қазір оны елге жай

                       Құр ішіңде кеткенінше

                       Пайдалансын өзгелер, - дейді ол.

Еңбек, еңбек ету - ақын мұрасында ерекше орын алады. Абай, Ыбырайға дейін бұл тақырып өріс ала алмаған еді. Екі кемеңгерден бастап қазақ әдебиетінде еңбекке байланысты жаңаша көзқарас туды. Кейін бұл тақырыпта С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев жазғаны мәлім.

Адамның адамдық қасиетін Шәкәрім еңбекке деген қатынасына қарай таныды. Еңбексіз келген байлықты немесе өзгені қор етіп, мақтан үшін жиналған байлықты, мал-дүниені жиіркене айтады.

                       Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

                       Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

                       Арың сатпа, терің сат, адалды ізде

                       Ғибадат пен адалдық ар үшін жи,

"Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей"  - деп Абай айтқандай Шәкәрім:

                        Ерінбесең еңбекке дәулет дайын,

                        Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайым, - дейді.

Еріншектікті ақын көп шығармасында әшкерелеп, тұрмыстағы ең бір зиянды құбылыс ретінде көрсетеді. Мысалы, "Еріншек" өлеңінде:

                         Еріншектік, салақтық,

                         Салақтықтан надандық

                         Бірінен бірі туады,

                         Жоғалар сөйтіп адамдық, - дейді, ал "Жан ман дене һәм көңіл" өлеңінде:

                         Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,

                         Күнәһар да болмаспыз өлі десек, - дейді.

Жауқаулық пен еріншектікке бой ұруды бұлайша өлтіре сынау - қазақ әдебиетінің тарихында Шәкәрімнен басқа ақын-жазушыларда жоқтың қасы. Елең-селең бос жүруден безінуге шақырған ақын:

                         Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,

                         Қол өнерден пайда қыл, үйреніп-ақ, деуі сөз жоқ, күні бүгінге дейінгі бағалы пікір.

Ш.Құдайбердиев - нағыз реалистік поэзияның ақыны. Оның өлеңдері қай жағынан болса да, шынайы өмір құбылыстарын қозғайды. Ең алдымен адам, қоғам өміріне байланысты жайлар ақын поэзиясының өзегі болады. Мұндай өлеңдерінде екіұштылық, дүдамалдық болмай, оқушы сезіміне әсер етіп, ойды, сананы тербетеді.

Оның ақындық стилінде Абайдан үйренгендік, Абай ақындығының ықпалы әрдайым байқалып отырады. Мысалы, Абай би-болыстарды олардың өз атынан ("Болыс болдым мінекей") сөйлеп, мысқылдайтыны сияқты Шәкәрімде де осы әдіс, тәсіл орын алады. Мысалы, "Шаруа мен ысырап" өлеңіндегі аты-жөні белгісіз бір мақтаншақтың мына сөздері соған дәлел болады:

                         Қымбат ішік, қыл шапан,

                         Папирос тарттым баптанып,

                         Күміс баулы сағатым

                         Қойнымда жүр сақталып,

                         Қуанып өле жаздаймын,

                         Киімімен мақтанып.

                         Өйткенімен бәрі борыш,

                         Құтылам ба ақталып. т.б.

Абайдың қазақ әдебиетін түр жағынан байтып, бірнеше өлең ұйқасын жаңадан енгізгені мәлім. Абай жасаған ұлы бастаманы әдебиетімізге тұрақтандыра түсушілердің  бірі - Ш.Құдайбердиев. Абайдың "Сегіз аяқ", "Бойы бұлғаң", "Білімдіден шыққан сөз" т.б. өлеңдерінің түр үлгілері негізінде Шәкәрім көптеген өлеңдер жазды. ("Абай марқұм өткен соң", "Ашу мен ынсап", "Кәрілік туралы", "Жастық туралы" т.б.) Бұл өлеңдер оны Абай дәстүрін сақтап, жанашыр ақын болғанын танытады.

Қорыта айтқанда Ш.Құдайбердіұлы - қазақ поэзиясында айқын із қалдырған ақын. Лирикалық өлеңдерін, поэмаларын ("Қалқаман-Мамыр", "Ләйлі-Мәжнүн"),  жалпы ақындық бетін арнайы зерттеп, аша түсу - абыройлы іс. Ақын мұрасының қалың оқушы жұрттың қолына жетіп, қастерлі қазынасына айналуы бұған молынан жол ашады.